«Worldskills-2025»

Бүгін Маңғыстау техникалық колледжінде «Worldskills-2025» кәсіби шеберлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Жандос Романұлы, серіктес мекемелердің өкілдері, оқу орнының ардагер ұстаздары мен түлектері қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Романұлы өз сөзінде жұмысшы мамандықтар жылының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, ауданда мұндай шараның ұйымдастырудағы басты мақсат — жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және олардың қоғамдағы маңызын арттыру.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл қоғамдағы еңбек адамының мерейін өсіріп, мәртебесін арттыруға сеп болады. Біз әрқашан қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек, олардың еңбегі жастарға үлгі болуы керек, — деді Жандос Романұлы. 

Шара аясында республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі чемпионаттарға қатысып, облыстың намысын қорғап жүрген осы колледждің 2021 жылғы түлегі, кәсіби шебер Мирас Чонекбаев жастарды еңбекке шақырып, ұстаздарына алғысын білдірді. Ол 2019 жылы Өзбекстан Республикасының бірінші ашық кәсіби шеберлік чемпионатында «Дәнекерлеу технологиясы» бойынша алтын медаль жеңіп алған, сондай-ақ 2021 жылы Австрияның Грац қаласында өткен Euroskills Gras-2021 чемпионатына қатысып, өз ісінің шебері атанған. Колледжде білім алған білікті жұмысшы маман бүгінде шетелдік компанияда жұмыс істеп, кәсібилігінің арқасында нарықта сұранысқа ие болып отыр.  

Айта кетейік, мұндай іс-шаралар жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын арттырады.